RU KZ

Қыркүйек
«Из рук в руки»
№26-09.09.2011
Мичгона Жантенова
Отандық даму институттарын мемлекет тарапынан басқару жүйесі одан әрі жетілдіріле түсетін болады
«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ даму институтының акция пакеттері индустрия мен жаңа технологиялар және экономикалық даму, сондай-ақ сауда министрліктеріне сенімгерлікпен басқаруға берілді.

ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2011 жылғы 10 тамызда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойып және ол жарлық бойынша «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ даму институтының акция пакеттері ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігіне (ЭДСМ) және ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне (ИЖТМ), сондай-ақ құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігіне берілгендігін естеріңізге сала кетейік.
Даму институттарының берілуі отандық сарапшылардың пікірі бойынша қорды дамыту стратегиясындағы жаңа көзқарастармен байланысты болып отыр. Тәуелсіз талдаушы Денис Рыбалкин мемлекет саясатының бұл қадамдарын экономиканы жетілдіру саласындағы іс-шараларды жүзеге асырудың дәл қазіргі таңдағы қисынды жолы деп санайды.
Қабылданған шешімдердің нәтижесінде министрліктер мен ведомстволардың еншісіне сенімгерлікпен басқаруға 2008 жылға дейін «Қазына» АҚ құрамына жатқызылған активтердің көп бөлігі берілді. Жарлық мәтіні бойынша негізгі бенефициар ИЖТМ болады. Оның қарамағына «Инвестициялық қор» АҚ, «Kazyna Capital Management» АҚ, «ҚазЭкспортГарант» Экспорттық кредиттік сақтандыру корпорациясы, ал Экономикалық даму және сауда министрлігіне «Даму» Шағын кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ берілді.
Сонымен қатар, ҚР Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігіне Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі, Қазақстанның ипотекалық несиелерге кепілдік беру қоры, «Қазақстан Ипотекалық Компаниясы» Ипотекалық ұйымы берілді.
«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ баспасөз қызметінің хабарлауы бойынша, қор мемлекеттік бағдарламаларының «көш басшысы» болу стратегиясынан басқарушы компания сапасына көтерілуді көздеп отыр, бұл жағдай нарық саласында әрекет етіп отырған ұлттық компаниялардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруы мүмкін, сондай-ақ белсенді инвестициялық саясатты жүргізуге, жаңартпа мәдениетті енгізуге қолғабыс етеді.
Бастапқы кездерде даму институттары мемлекеттік бағдарламаларды іске асыратын құрал ретінде ұйымдастырылған болатын және бұл кезде осындай компаниялардың арқасында көп пайда табу негізгі мақсат болған жоқ.
«Дегенмен, «Самұрық-Қазына» холдингін ұйымдастыру барысында барлық даму институттарын жалғыз ғана акционердің қарамағына беру осындай компанияларға Еуропада және Сингапурда, Малазияда қолданылатын озық тәжірибелерді ендіру үрдісін бастап берді және компания қызметінің тиімділігі мен айқындығын жоғарлатуға қажетті жоспарлау және бюджеттендіру жүйесін ретке келтіруге мүмкіндік берді», - деп хабарлайды Қордың баспасөзі. Осындай жолдар арқылы даму институттарын беру атқарушы үкімет органдарына бюджеттен оларды қаржыландыруға бөлінген қаражат есебінен ірі мемлекеттік бағдарламаларды тиімді жолдармен іске асыруға мүмкіндік береді.
«Ракурс» экономикалық талдау және жоспарлау орталығының басшысы Ораз Жандосов «Самұрық» құрамынан «Қазынаның» негізгі құрамдас бөліктерін «бөліп шығару» - дұрыс шешім деп санайды. Ол: «2008 жылдың күз айында оларды біріктіру жүргізілген кезінде үлкен қателік жасалынды» деп, мен үш жыл бойы айтып келемін», -деді. «ҰӘҚ басты міндеттері бизнестің дамуына жағдай жасау, қазақстандық кәсіпкерлермен жаңадан ашылған өндірістерге қолдау көрсету болып табылмайды», - деп айтты.
Даму институттарын бағыттаушы министрліктермен оңтайлы басқару жаңартпа мәдениеттің инвестициялық жобаларын іске асырып жатқан кәсіпкерлерге қолдау көрсету жөніндегі қажетті шараларды өз уақытында қабылдауға мүмкіндік береді.
Анықтама

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры Президенттің «Ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі кейбір шаралар» Жарлығына сәйкес 2008 жылғы қазан айында құралған болатын. 2006 жылғы сәуір айында «Қазына» тұрақты даму қоры ұйымдастырылып, ол бұрын ұйымдастырылған барлық даму институттарының басын біріктірді: Қазақстан даму банкінің, Қазақстан инвестициялық қорының, «Қазинвест» Шағын кәсіпкерлікті дамыту қорының және басқалардың басын біріктірді. Бұл институттардың әрқайсысының көп жылдар бойы қалыптасқан тарихы, жұмыс үлгілері мен әдістері бар.
"Zakon.kz"
30.09.2011.
ҚИК мемлекетке 2010 жылға 32,4 млн дивиденд төлейді
Компания акционерлерінің жылдық жалпы жиналысының хаттамасында «Қазақстан Ипотекалық Компаниясы» Ипотекалық ұйымы» АҚ мемлекетке 2010 жылға дивиденд ретінде Т32,4 млн төлейді деп көрсетіледі. Жұмадағы Қазақстан қор биржасының (KASE) сайтында жарияланған құжаттардың мәтінінде: «Республикалық бюджеттiң кiрiсiне «Қазақстан Ипотекалық Компаниясы» Ипотекалық ұйымы» АҚ мемлекеттік акциялар пакетіне дивидендтер төлеуге Т32 443 760 мөлшерінде сома жібереді», - деп атап көрсетілген.
Қоғам акционерлерінің жылдық жалпы жиналысының шешіміне сәйкес 2010 жылға арналған ҚИК-тің таза табысы Т64 846 419 теңгені құрады, оның ішінде Т32 402 536 қоғамның резервтiк капиталын толықтыруға жiберіледі.
Сонымен қатар компанияның активтері 2011 жылғы 01 қаңтардағы күй-жайы бойынша Т106,375 млрд, міндеттемелері - Т85,87 млрд, меншік капиталы – Т20,505 млрд мөлшерінде бекітілді.
«ҚИК» АҚ акционерлерінің жылдық жалпы жиналысы Алматы қаласында 2011 жылғы 06 мамырда өткен болатын.
«Қазақстан Ипотекалық Компаниясы» Ипотекалық ұйымы» АҚ 2000 жылғы желтоқсанда құрылды. Оның қызметінің негізгі бағыттары облигацияларды шығару арқылы тартылған қаражаттар есебінен ұзақ мерзімді ипотекалық қарыздар бойынша талап ету құқықтарын сатып алу болып табылады.